НҰРМҰХАММЕД ДОСЫБАЕВ:
ULYS.KZ АҚПАРАТ АГЕНТТІГІ
19 Желтоқсан / 2018
ULYS: Нұрмұхаммед Маратұлы, «Astana Garden School» жекеменшік мектебін аштыңыздар. 10-11 сынып оқушыларын әлемнің үздік 100 мектебіне дайындаймыз деп отырсыздар. Кімге, неге сенесіздер?

НҰРМҰХАММЕД ДОСЫБАЕВ: Ең алдымен қазақтың қайсар рухына сенеміз. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, қазақ жастарының әлеуеті үнемі жоғары, жасампаз болған. Біз сол рухты білім саласы арқылы жаңғыртсақ деген оймен жолға шықтық. Мәселен, қазір мықты білім ошақтары көп. Алайда, солардың көбінің басшылығында халықаралық деңгейдегі мамандар яғни шетелдің азаматтары тұр. Біз өзімізді білім саласында оң өзгерістер жасауға пісіп-жетілдік деп санаймыз. Шетелдік әріптестермен қатар деңгейде немесе олардан да жоғары сапада білім бере алатынымызды, жұмыс істеп, нақты нәтижеге жете алатынымызды дәлелдегіміз келеді. Оған күш-қуатымыз да жетеді. Біз өз-өзімізге сенеміз, біз шетелдің үздік оқу орындарында алған біліміміз бен білігімізге сенеміз. Себебі, бізде еңбек ететін 30 адамның 20-сы әлемнің 100 үздік университеті саналатын оқу орындарының магистрі.

ULYS: Қазір құндылықтар қақтығысы кезеңі. Ұлттық құндылықтардың әлемдік құндылықтармен текетіреске түсуі өте қиын. Батыстың құндылығын, білімін ұлттық болмыс, бітім, ұстанымымен қаншалықты ұштастыра аласыздар? Сондай-ақ кез келген мектептің өз құндылығы, дәстүрі болады? Сіздер қандай құндылықтармен кімдерді дайындап жатырсыздар?

НҰРМҰХАММЕД ДОСЫБАЕВ: Біздің мақсаттың бірі де білім саласындағы жаңа құндылықтар мен озық технолгияларды ұлттық болмысқа бейімдеу. Жастарға білім беріп қана қоймай, ұлттық дүниетанымын кеңейтуге де күш салу. Мәселен, сабақтарымыз түгел ағылшынша өтеді. Алайда, одан тыс уақытта оқытушылар да, оқушылар да бір-бірлерімен өзара тек қазақша ғана сөйлеседі. Себебі, туған тілімізді дәріптеп, ұлтымыздың тарихын, асыл мұраларымыз бен құндылықтарымызды да олардың бойына сіңіргіміз келеді. Орысша, ағылшынша оқып келгендеріне қарамастан, ана тілінде ойын еркін жеткізе алатын, өзінің ұлттық болмысы мен тарихын мақтан ете алатын мемлекетшіл азаматтар тәрбиелегіміз келеді. Сондықтан да оларды шетелдің үздік 100 университетіне дәл осындай қағида негізінде дайындаймыз. Олардың ертең елге оралып, экономикамызды көтеріп, мүддемізді әлемдік деңгейде қорғағанын қалаймыз. Кезінде Абай атамыз «білім қайда болса, сол жақтан алу керек» деді ғой. Ол кезде білім мен ғылым орыста болды. Ал Абай қазір өмір сүрсе, «білімнің көкесі батыста, ағылшынның білімін алып қайтыңдар» деп айтар ма еді деп ойлаймын. «Болашақ» бағдарламасы арқылы, өзге де мүмкіндіктерді қолдана отырып көптеген жастарымыз шетелде оқыды. Қазақстанның білімін дамытсақ деп Кембридж, Оксфорд сынды маңдайалды оқу орындарында білім алған әріптестерім көп. Олардың көбі ұлттық болмысты нығайтып қана қоймай, дамыған елдердің ұтымды дүниелерін де бізге әкелуде. Сондай азаматтардан білім алған жастар да осал болмас. Біз әр оқушыға, әр балаға лидер деп қараймыз, оқытушылар олармен тең дәрежеде сөйлеседі. Ондай ортадан шыққан жастар өзі шыққан қоғамға құрмет танытып, еліне жаны ашып, көзі ашық тұлғалар болады. Сондықтан біз лидерлер тәрбиелеп жатырмыз деп айта аламыз.

ULYS: Қазақ жастарының қабілеті күшті секілді. Әр жыл сайын мектеп бітірген жүздеген оқушыға шетелдің мықты университеттері құда түсіп, тегін грант беріп жатады. Олардың еліміздің жоғары оқу орындарына деген талабын орындай алмай отырған сияқтымыз.

НҰРМҰХАММЕД ДОСЫБАЕВ: Иа, рас. Бізде орта білім саласы өте күшті. Алайда, ЖОО-лардың әлсіз тұстары көп. Біздің жоғары оқу орындарына сенім жоқ, сапа төмен. Орта оқудан шыққан талаптылардың қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайды. Бір мысал келтірейін, бір бала нанотехнология бойынша оқып, биология саласында үлкен жаңалықтар ашқысы келеді делік. Бірақ, ол өзі таңдаған университетке барған жағдайда кез келген бір реагентті алу айлап уақыт алуы мүмкін. Дәл қазір менің інілерімнің біреуі АҚШ-тың Пенсильвания университетінде докторантура оқып жатыр. Олар бүгін қалаған нәрсені ертең дастархан басында алатын деңгейге жеткен. Сол себепті жоғары білім саласы дұрыс болмай, мықты жастар АҚШ, Ұлыбритания т.б сынды Еуропаның алдыңғы қатарлы университеттеріне кете береді. Мынадай да мәселе бар, Кембридж не Гарвардта профессор болған жерлесіміз Қазақстанға келді делік. Бірақ, оның әлеуетін, ғылыми мүмкіндігін көрсететін сол деңгейде лаборатория қажет, қаржы керек. Әрине, сондықтан оның елімізге келіп қызмет етуінен еліміздің экономикасы, ғылым саласы алдыңға қатарға шығып кетпейді. Соған лайық жағдай жасамаған жағдайда екі ортада мықты ғаламымыз босқа өмірін өткізеді. Сондықтан шетелдің озық технологиясын үйренген азаматтарға барынша жағдай жасау керек.

ULYS: Қазір кездейсоқ адамдардың заманы. Қойшының директор болып, күзетшінің бір басқарманы басқарып отырғанына таңдана алмайсың. Жалпы білім саласында кездейсоқ адамдармен қаншалықты жиі ұшырастың?

НҰРМҰХАММЕД ДОСЫБАЕВ: Білім саласында кездейсоқтар өте көп. Бұл салада тек қана өз саласының білгілері ғана болу керек. Ондайлардың жолын жабу керек. Финляндияға тәжірибе алмасуға барғанда жақсы дүниені көрдік. Мәселен, мұғалімдік бір орынға 20 адам конкурсқа түседі. Өкінішке қарай, біздің елде бәрі керісінше. Олардың тәжірибесін зерттей келе келесідей ой түйдік, педагогтің мәртбесін көтеру, жалақыларын өсіру керек. Сонымен қатар, саланы қаржыландыруды арттырған абзал. Ұстаздардың халықаралық деңгейде білім алуына жағдай жасау керек. Сонда ғана ондаған жылдан кейін мықты мамандар қалыптасады. Кездейсоқ адамдарға ешқандай мүмкіндік бермеу керек. Себебі, президент те, министр де, ғалымдар да, барлық мамандар ұстаз алдын көреді.

ULYS: Кембриджде оқып, магистр атанғаныңызды білеміз. Біраз уақыт отандық білім саласында да қызмет еттіңіз. Біраз жайға қанықсыз. Келешекте ғайыптан тайып ең көп экспримент жасалатын білім, ғылым саласын басқарып (министр) қалсаңыз қандай реформа жасар едіңіз?

НҰРМҰХАММЕД ДОСЫБАЕВ: Алдымен орта білім саласында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттырар едім. Яғни жаттанды білімнен гөрі қабілетін арттыру мен дағдыларға машықтандыру. Сосын білім саласын қаржыландыру жұмысы әлі баяу жүруде. ОЭСР ұйымының баяндауынша, ол ЖІӨ-нің алты пайызын құрау керек. Біздікі 3 пайыз ғана. Осы қаржыландыру мәселесін екі есе көбейтсек, яғни бір триллионнан екі триллионға, онда көптеген өзгерістер жүзеге асқан болар еді. Қазір елде демография жақсы. Алайда, мектеп салу қиын. Осы мәселе шешім табуы үшін осыдан 15 жыл бұрын жасалған реформаны негізге алған дұрыс. Балабақша жүйесіне жеке меншік секторы қатысу арқылы көптеген мәселе шешімін тапқан болатын. Дәл соны орта білім жүйесіне де қолдану керек. Себебі, бір сыныпта отыз-қырық бала бір-бірінің басына мініп отыруы дұрыс емес деп санаймын. Ол үшін жекеменшік сектордың бәсекесін арттыру керек. Яғни жан басына шаққанда қаржыландыру енгізілуі керек. Қазіргідей төмен деңгейде болмауы тиіс. Қазір орта білім саласында бенчмарк Назарбаев зияткерлік мектептері. Олардың жан басына шаққанда қаржыландыруы 1 милллион 800 мың теңге. Бұл бір оқушыға бөлінетін бір жылдық қаражат. Ал орта мектептегі баланы алатын болсақ 200 мың теңге. Сонда 9-10 есе аз болып тұр. Біз осы сумманы кемінде 2-3 есе көтеруіміз керек. Сол кезде жеке меншік сектор үшін орта білім саласына келіп, мектеп салу, мектеп ашу мен оны жүргізу қызықты болады. Қазіргі кезде бала бақша саласындағы пайыздық қарым-қатынас елу де елу ғой. Жекеменшік пен мемлекет үлесі тең. Осындай реформаларды жүзеге асыру керек деп санаймын. Сонымен қатар, білім мекемелеріне деген сенімділікті арттыру керек.

ULYS: Мұғалімдер алып кел, шауып келге пайдаланылып, мектептің өз еркімен шешім қабылдай алмайтыны тағы бар ғой...

НҰРМҰХАММЕД ДОСЫБАЕВ: Әлбетте, кез келген тексерулерден арылтып, әсіре шектеулерді алып тастау керек. Керісінше Назарбаев зияткерлік мектептеріне берілген автономиялық басқаруды жақсы нәтиже көрсетіп жатқан мемлекеттік мектептерге де жаппай беру керек. Сол кезде мектептің ішінде шығармашылық күшейіп, жан-жақты даму пайда болады. Мектептер белгілі бір деңгейде эксперимент жасауға мүмкіндік пайда болады. Қазір XXI ғасыр, өзгерістер заманы. Бүгінігі мәселе ертеңгі күні ескіріп қалады. Ал орта білім жүйесі әлі күнге дейін бұрынғы Кеңес Одағынан қалған жүйемен жүруі қисынсыз деп санаймын. Сосын шетелдің мықты озық тәжірибесін алып келген өзіміздің қазақтың азаматтарын салаға көптеп тарту керек. Олар үшін жұмыстың атқарылуын қызықты ету қажет. Білім басқармасы болсын, министрлік болсын, мектептер болсын, колледж, бала бақша, тіпті университет болсын кез келген жерде. Қазіргі таңда 10 мыңнан аса «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген азаматтар бар. Менің арманым Қазақстандағы 7 мың мектептің әрқайсысының базасында солардың жұмыс істегені. Сол кезде білім саласы түбегейлі өзгерер еді.

ULYS: Қызықты сұхбатыңыз үшін көп рақмет!

Нұрмұxаммед Маратұлы ДОСЫБАЕВ

Ссылка на новость: http://www.ulys.kz/news/46-nurmukhammied-dosybaiev
Контакты
Нурмухаммед Досыбаев
E-mail: dossybayev.n@gmail.com