– Бүгінде ата-анасының қалауымен немес грант үшін ғана мамандық таңдайтын түлектер көп. Нәтижесі әмбеге аян. Сіздің ойыңызша, болашақ маман мамандық таңдауда неге көңіл бөлу керек?
– Орта білім беру жүйесі мамандық таңдауға қолайсыз жүйе. Өйткені оқушы 11 жыл бойы барлық пәнді оқып, 11-сыныпқа келген кезде мамандығы бойынша таңдау жасауға мәжбүр. Ал таңдаған мамандығы бойынша қажет пәнді оқиын десе, жүйе рұқсат бермейді. Айналғанда шешімді бала емес, жүйе қабылдап қойған. Ал халықаралық деңгейдегі мектептерде бұл жағдайдың шешімі оңай. Англияның орта білім жүйесіне де мемлекет тарапынан бақылау орнатылған. Дегенмен де оларда жүйе кішкене реттелген. Бала мектепті бітірген соң, академиялық бағытқа барамын десе, университетке түспей тұрып, қосымша екі жыл мамандығына байланысты білім алады. Пәндер мамандығына байланысты қойылады. Бірақ ақылы оқиды. Егер, біз оқушыға 10-сыныпқа дейін барлық пәндерді оқып, 11-12-сыныпта мамандығыңа қатысты пәндерді оқисың десек, көпшілігі қуанар еді. Алайда таяқтың екі ұшы бар. Мәселен министрлік еркіндік беріп, оқушыларға жақсылық жасайын десе, бір жағында ұстаздар тұр. Мысалы, бір сағат пәнді қысқартсаңыз, жүздеген ұстазды жұмыссыз қалдырасыз. Демек, білім жүйесінде қандай да бір шешім қабылдау оңай емес.
– Үш тілде білім беру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Өзіңіз ағылшын тілінде еркін сөйлейсіз. Жалпы, тіл үйренуге қажет бес әдісті атап берсеңіз?
– Бірінші, сенім керек. Саналы түрде ағылшын тілі не үшін керек екендігін түсінуіңіз қажет. Мысалы, қазір 300 мың теңге жалақы аласыз. Сіз ағылшын тілін жетік білсеңіз, айлығыңыз 600 мың теңге болатынын естіп, оған сенсеңіз тілді екі айда-ақ үйреніп аласыз. Екінші, орта керек. Сені тіл үйренуге шақырып тұратын орта қажет. Мысалы, жұмыс орныңыз философиялық түрде гуглды, яндексті т.б елестету керек. Тек ағылшын тілінде сөйлейтін ортаңыз, тіпті шетелдік компанияда жұмыс істесеңіз тіпті тиімді. Үшінші, уақыт бөлу. Мысалы, неге қызығасыз соны ағылшын тілінде істеңіз. Музыка тыңдасаңыз, кино көргенді ұнатсаңыз тек ағылшын тілінде көріңіз. Төртінші, жүйелі түрде ағылшын тілімен айналысу. Ұстаз жалдап, сол адамнан үйрену керек. Бесінші, қолдану. Төрт деңгейдің нәтижесінде сөздік қорыңыз пайда болды. Енді соны қолданып, дұрыс болмаса да сөйлеп, өз-өзіңізді жеңу керек.