Қазақстан қашықтан оқыту арқылы «бір буынды жоғалтады» – сарапшылар
12.08.2020
Елді жаппай сауатсыздық қаупінен қанша миллиард теңге құтқарады?

Дүниежүзілік банктің Қазақстан жайлы экономикалық баяндамасында коронавирус пандемиясы білім саласына ұзақ жылдар бойы орасан кері әсерін тигізетіні жазылған. Болжам бойынша қашықтан оқытудан функционалды сауатсыз (оқи алмайтын, жаза алмайтын, есеп шығара алмайтын) балалардың саны өсіп, білімсіздік кесірінен Қазақстан ондаған жылдар бойы әр жыл сайын 1,9 млрд теңге жоғалтып отырады.

«PISA-ның (білім алушылардың оқудағы жетістіктерін бағалайтын халықаралық бағдарлама) 2018 жылғы нәтижесі бойынша, оқушылардың үлгерімі 100 балға төмендеді. PISA тестілеуінде шамамен, әрбір үш баланың екеуінің нәтижесі функционалды сауаттылық шегінен төмен болған. Осыған қарамастан, Қазақстан COVID-19 пандемиясы кезінде мектептерді жауып, мәжбүрлі түрде онлайн-платформалар мен телеарналар арқылы қашықтан оқытуға көшті. Амалсыз жағдайдан туындаған қашықтан оқытудың тиімділігі дәстүрлі оқыту нәтижесінен төмен болмақ», - делінген баяндамада.

Ал, қашықтан оқыту компьютерлік құралдары жоқ, интернеті нашар аймақтардағы, жағдайы төмен отбасындағы балалар мен қаладағы оқушылар арасындағы білім деңгейінің айырмашылығын одан ары ұлғайта түспек. Осылайша, PISA-ның оқу әдістемесі мен дифференциалды тиімділік мәліметтеріне сүйеніп (кедей топтарға негізделген эффективтілік - 25%, жағдайы орта оқушыларға арналған эффективтілік - 50%, жағдайы жақсы топтарға арналған эффективтілік - 75%), мектептер аз уақытқа жабылғанның өзінде, оқу үлгерімі 18%-ға төмендейді деуге негіз бар.

Дүниежүзілік банк жыл сайын экономикаға 1,9 млрд теңге шығын келеді дегенді «бір жыл мектепке барып оқу баланың болашақтағы табысын 8%-ға арттырады» деген болжамға сүйеніп есептеп отыр. Банк зерттеуі бойынша, қашықтан оқыту процесі неғұрлым ұзаққа созылса, келешекте баланың кедей өмір сүру тәуекелі соғұрлым жоғары.

BTS Education компаниясының зерттеу департаментінің бас маманы, білім берудегі көшбасшылық және саяси анализ магистрі (Master of Science in Educational Leadership and Policy Analysis) Бауыржан Әбуов мұны біліктілік деңгейі төмен адамдардың еңбек нарығынан лайықты орын таба алмайтынымен түсіндіреді.

«Дүниежүзілік банк өз есебінде оқушылар мектепке бармағандығы себебінен келешектегі табысының 2,9%-ын жоғалтатынын көрсеткен. Себебі, білімі жоғары адам көбірек қаржы түсіреді. Сіздің балаңыз білімді жеткіліксіз алса, ерте ме, кеш пе, ол елдің экономикасында көрініс табады. Толық оқымаған баланың болашақта біліктілігі төмен болады. Сосын еңбек нарығында аз жалақы алады. Оның ел экономикасына зияны, тіпті, қазірден бастап-ақ көрініп жатыр. Биыл ауылдағы 11-сыныптың балалары төртінші тоқсанда толық білім алған жоқ. Осы жылы бітіретін студеттер де жеткіліксіз біліммен еңбек нарығында экономикаға зиян келтіреді. Себебі, сізде кей қажетті біліктіліктер жоқ», - деді пікір білдіріп.

Бауыржан Әбуов қашықтан оқыту бойынша Қазақстан басқа елдерге қарағанда көбірек зардап шегетінін бірнеше себеппен түсіндірді.

«Білім деңгейі бойынша ЭЫДҰ-ға мүше мемлекеттерден бір жарым жылға қалып қойсақ, онда білім саласы дамыған Финляндия, Сингапур елдерінен одан да көп кейін қалдық деген сөз. Бұдан бөлек, Қазақстанның өз ішінде де ала-құлалық бар, қала мен ауыл балаларының білім деңгейлерінің айырмашылығы 2,5-3 жыл. Назарбаев мектептері, қазақ-түрік лицейлеріндегі оқушылардың үлгерімі халықаралық деңгейде де жаман емес. Алайда, оңтүстік өңірлердегі қазақ тілінде оқитын және әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың балаларына қиын болады. Төртінші тоқсанда үйде оқыды, енді тағы 3 тоқсан қашықтан білім алса, үлгерімі бірнеше жылға кері кетеді», - дейді ол.

Маманның айтуынша, бұған біріншіден, Қазақстандағы балалардың компьютерлік сауатының төмендігі себеп болып жатыр. Онлайн-оқыту кезінде ұстаздармен қоса, оқушылар да жаңа платформаларға бейімделу үшін көп уақыты пен энергиясын жұмсайды. Сарапшы компьютерлік сауат деген тез игеріле салатын нәрсе емес, оқу, жазу секілді ес білгеннен қалыптасатын фундаменталды білім екенін алға тартып отыр.
«ISILS 2018 зерттеуінде Қазақстан 14 елдің ішінде 14-орын алды. Тестке қатысқан 8-сынып оқитын 14 жастағы оқушылардың 54%-ында ақпараттық-компьютерлік сауаттылық 1-деңгейден төмен болған. Осыған және PIAAC-тың нәтижелеріне қарап-ақ оқушылар да, мұғалімдер де компьютерді меңгеру жағынан осал екенін білесіз. Аталған тестте күрделі ештеңе жоқ. Қандай да бір текст теруге, кішігірім презентация жасауға, іздеу жүйесінен ақпарат қарауға тапсырма береді. Компьютерлік сауаттылық та функционалдық сауаттылықтың бір бөлігі. Мұндай сауатсыздық тек қазіргі балалар емес, біз бен біздің ата-аналарымыздан келе жатқан жүйелі проблема», - дейді Б. Әбуов.

Қазақстанды айтпағанда, цифрлық даму жөнінен әлдеқайда ілгері елдердің өзінде онлайн оқытудың, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларына тигізетін зияны орасан болмақ.

«Ересек балалар үшін онлайн мен офлайнның айырмасы жоқ. Тапсырма қалай берілсе де орындайды. Ал бастауыш сынып оқушыларында коммуникацияға, социализацияға, ойынға көп көңіл бөлінеді. Бала әңгіме, ойын арқылы кітаптағыны меңгереді. Ең бастысы - мектепте жаңа білімді айналасындағылармен байланыс арқылы үйренеді. Ал ата-ана - кәсіби педагог емес. Баланы оқуға көндіру оларға оңай емес», - деп айтты маман.

Елорда маңындағы Қосшы ауылындағы №2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Рыскүл Ыбырай 4-тоқсанда балалардың бағасы оқу үлгеріміне сай болмағанын айтты.

«Балалардың сабағы көбіне үйдегі ата-аналарының көмегімен орындалды. Үшінші тоқсанда қорытынды бағасы 3-тікке тең болған оқушы төртінші тоқсанда 5-ке шықты. Сұрақтардың 100%-ына бәрі дұрыс жауап беріп, жыл аяғында 3-пен оқитын оқушы мүлдем болған жоқ. Осыны уайымдаймыз. Шынайы алған білімі болашақта бәрібір көрініп қалады. Ата-аналармен көп дауласамыз. Олар балаларының білімін жоғары бағалап, біздің берген бағамызға келіспейді», - деді ұстаз.

Сарапшы Бауыржан Әбуов осының бәрін ескере келе, Қазақстанда тағы бір «жоғалған буын» қалыптасу ықтималдығы жоғары екенін айтты.

«Бізде қазірдің өзінде бір жоғалған ұрпақ бар. Олар шамамен, 75-тен 91-ші жылдарға дейін туғандар. Себебі, осы кезеңдерде білім жүйесінде өте көп реформалар, өзгерістер болды. Ол ішкі саяси және әлеуметтік дағдарыспен қатар келді. Кеңестік жүйеден түсініксіз жаңа білім жүйесіне көшті. Сөйтіп, 90-жылдары қарақшы, ұры болу сәнге айналды. Ал қазір «оқымысты» болу пайдалырақ екенін ұқтық. Енді тағы бір сондай жоғалған буын өсіреміз бе деген қауіп бар. Бірақ, олардың проблемасы функционалдық сауатсыздық болмақ. Оқып, жаза алғанның өзінде, әлемдегі өз қатарластарынан қалып қояды. Себебі, Кеңес Одағындағыдай жабық емеспіз, балалар еңбек нарығында басқа елдің адамдарымен бәсекеге түседі», - дейді бұл туралы Б. Әбуов.

Алайда техникалық құралдарға қолы жетіп отырған балаларды да, үлгерімі жөнінен қаладағы оқушылардан 2-3 жыл артта қалып келе жатқан ауыл оқушыларын қауіптен сақтап қалудың, сол арқылы «жоғалған буын» қаупін жоққа шығарудың жолы бар екен. Оны дәл осы қашықтан оқыту кезінде жүзеге асырудың әдісін Astana Garden School бас директоры, Кембридж университетінің білім саласы бойынша магистранты Нұрмұхамед Досыбаев ұсынып отыр.

«Біз онлайн оқыту форматын пайдаланып, ауылдағы балаларға еліміздегі ең үздік ұстаздардан білім алуға мүмкіндік жасауымыз керек. Телеэфир, YouTube арқылы видеосабақтар жазып, таратуға болады. Ал балалардың өз мұғалімдері сол алған білімді одан ары сіңірумен онлайн режимде айналысып, түсінбеген жерлерін түсіндіруі керек. Осылай командалық жұмыс істелгенде нәтиже болады», - дейді Н. Досыбаев.

Оның ойынша, Үкімет пандемия әсерінен білім саласына төнгелі тұрған үлкен қауіпті әлі толық сезінген жоқ. Себебі, статистика бойынша Қазақстанда 2000 жылдардың басында туған балалардың саны өте аз, егер олар пандемия әсерінен білімсіз болса, кейін еңбек нарығында құлдырау болады.

«12-18 жастағы балалар қазір мектепте орта білім алып жатыр. Елімізде саны ең аз осы категория. Осы жастағылар нарыққа шыққанда маман дефициті болуы мүмкін. Егер олардың білімі таяз болса, жетіспеушілік екі есеге артады. Ол елдің экономикасы тікелей әсер етеді. Ал 1-сыныпқа барып жатқандардың, яғни 6-7 жастағы балалардың саны көп. Бірақ олар еңбек нарығына шығуы үшін көп жыл күтуі керек. Бізге 2000 жылдардың басында туған балалар ауылда оқыса да, қалада оқыса да, өте құнды болуы тиіс. Ертең жүк осылардың мойнына түседі», - дейді маман.

Досыбаевтың айтуынша, білім саласына бөлінетін қаржы бірнеше есе көбеюі тиіс. Ол дарын, «физмат», тағы да басқа тереңдетіп оқытатын мектептер секілді 7000-нан астам барлық білім ошағының әр оқушысына шаққанда 1-2 млн теңгеден бөлуді ұсынады.

«Тура сол 1% балаларға жасалған жағдайды қалған 99% балалардың бәріне жасау керек. Ең болмағанда, 7-11 сынып оқитын балаларға жан басына шаққандағы қаржыны 1 млн теңгеге көтерсек, келесі 10 жылда олар экономикаға қызмет етер еді. Қазір қарапайым мектептегі әр балаға 200-300 мың теңге ғана бөлініп жатыр», - дейді Н. Досыбаев.

Сарапшы балаларға жақсы көңіл бөлген сайын, олар өздерін мемлекеттің, бюджетке ақша құйған халықтың алдында іштей қарыздар сезініп, жауапкершіліктері арта түсетініне сенімді. Сол кезде ғана көбі «еліме не берсем екен» деген оймен жұмыс істейді.
Контакты
Нурмухаммед Досыбаев
E-mail: dossybayev.n@gmail.com